присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50%-ке өседі

10 қазан 2023 11:35
Колледж студенттерінің стипендиясы тағы 50%-ке өседі

Келесі жылы колледж студенттерінің шәкіртақысы тағы елу пайызға өседі. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін 155 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Оның 70%-ін техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған.

"Студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында биылғы оқу жылынан бастап стипендия 50%-ке өсті, ал 2024 жылы тағы 50%-ке арттыру көзделіп отыр", - деді Бейсембаев үкімет отырысында.

Министрліктің баспасөз қызметі нақтылағандай, орта буын мамандықтары бойынша 20 948 теңгеден 31 422 теңгеге дейін, жұмысшы біліктілігі бойынша 21 787 теңгеден 32 681 теңгеге дейін.

Министрдің айтуынша, бүгінде студенттердің 85%-і жатақханамен қамтылған. 2027 жылға дейін тапшылық мәселесін түбегейлі шешу мақсатында 10 мың орындық жатақханаларды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге аса бастады. Қазір бұл бағытта 20 мың студент білім алып жатыр, 2029 жылы 80 мыңға жеткізу жоспарланған.

Бейсембаевтың ақпаратынша, бүгінде 772 колледжде 531 мың студент білім алып жатыр. Колледждердің 85%-і техникалық, ауыл шаруашылық және қызмет көрсету бағыттары бойынша мамандар даярлауда.

"Президент тапсырмасын орындау мақсатында жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 2025 жылға дейін 100% тегін қамту көзделген. Биылғы жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді. Дегенмен, Түркістан (57%), Батыс Қазақстан (68%), облыстарының көрсеткіштері төмен", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Оның айтуынша, кадр даярлаудағы негізгі нәтижелердің бірі – түлектерді жұмыспен қамту. Бүгінде бұл көрсеткіш зейнетақы аударымы және жұмыс берушілермен жасалған келісімшарттар негізінде 77%-ті құрап отыр. Бұл көрсеткіш Түркістан (68%), Қызылорда (70%) облыстарында республикалық деңгейден төмен.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру