Мемлекеттік қызметшілер М.Мақатаевтың 92 жылдығын атап өтті
Бүгін қазақ поэзиясының хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 92 жыл. Осыған орай ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілер арасында «Жырлайды жүрек» әдеби жыр кеші ұйымдастырылды.
Поэзия кешіне филиалда білім алатын қайта даярлау курсының және біліктілікті арттыру семинарларының тыңдаушылары және бірқтар мемлекеттік органның қызметшілері қатысты. Академияның Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Айгерім Абилованың айтуынша, әдеби шара мемлекеттік қызметшілер арасында ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен.
«Іс-шара мемлекеттік қызметшілер арасында ақын шығармаларын кеңінен дәріптеу арқылы олардың қазақ халқына, ана тілімізге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін одан әрі дамытып, рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Кешке арнайы шақырылған Мұқағали Мақатаевтың балалары ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Шығармашылығын зерттеген мамандар мұзбалақ ақынның еңбектеріне ғылыми зерттеулер тұрғысынан және халықаралық деңгейде де жоғары баға берілгенін айтты. Сонымен қатар поэзиямен әуестенетін мемлекеттік қызметшілер өздері жазған шығармаларымен бөлісіп, өнерлі жастар мен бүлдіршіндер өлеңдерін оқыды, дәстүрлі әншілер домбырамен әндерін шырқады», – деді филиал директоры.
Поэзия кешіне арнайы қонақ ретінде ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев және Мұқағали Мақатаев атындағы халықаралық қоғамдық Қордың төрайымы, келіні Бақытгүл Айдарова, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының Мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арман Халбеков, «Мақатаев шығармаларының психологиялық аспектілері» тақырыбында докторлық жұмысын қорғаған PhD психология ғылымдарының докторы, М. Мақатаевтың өлеңдерін ағылшын тіліне аударған, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қауымдастырылған профессоры Тилеубаева Меруерт шақырылды. Шара Алматы қаласы Мәдениет басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ