Патронат тәрбиешілер қызметінің төлемақысы көбейді
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен биылғы маусым айынан бастап патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін төлемақы артты.
Бұрын олардың қызметтеріне төленетін ақы 60 мың теңге болса, енді әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде ол 35 айлық есептік көрсеткішке артты, яғни 120 мың теңге шамасында болады.
Комитет төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасылық құрылымы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін төлемақы мөлшерін арттыру бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Біздің ойымызша, патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін ақыны арттыру осы отбасыларда тәрбиеленетін балалардың өмір сүру деңгейін жақсартады, - деді Насымжан Оспанова.
Бүгінде елімізде отбасылық орналастырудың 4 балама түрі бар: бала асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронат және қабылдаушы отбасы. Айта кетейік, интернат ұйымдарында 3 мыңнан аса жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр. Соңғы 10 жылда балалар үйінің саны 2,5 есе, ал ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есе азайған. Бұған интернат ұйымдарын деинституционализациялау, отбасылық орналастырудың балама нысандарын енгізу және жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды материалдық қолдау саясаты әсер етті.
Бұл бағыттағы бастамаларды әрі қарай да тиімді іске асыру үшін министрлік Патронаттық тәрбие туралы ережеге өзгерістер енгізіп, нәтижесінде патронат тәрбиешілердің қызметтеріне төленетін ақыны көбейту заңнама тұрғысында реттелді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ