присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Президент 12 үздік әскери түлекке шен тапсырды

04 маусым 2024 12:13
Президент 12 үздік әскери түлекке шен тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.

Президент Астана қаласындағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылы ротасының бастығы салтанатты шараға дайындығы жөнінде Мемлекет басшысына рапорт берді. Содан кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.

Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді президент.

Мемлекет басшысы тудың тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы екенін атап өтті.

Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бейбіт мемлекет ретінде татулық пен келісімді қашанда басты орынға қояды және барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнатқан.

Соның арқасында туымыз әлемде бірлік пен бейбітшіліктің байрағы ретінде танылды. Біз достық қағидатын әрдайым берік ұстанамыз. Қазір бәріміз бір кісідей жұмылып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Баршаға бірдей мүмкіндік беретін қоғам орната бастадық. Аз уақыт ішінде ауқымды саяси реформа жасадық. Жаңа экономикалық бағытымызды айқындадық. Сондай-ақ жас ұрпақтың сана-сезімін жаңғыртып, сапалы ұлт болуға бет бұрдық. Мұның бәрін жүзеге асырып, түбегейлі орнықтыру – оңай шаруа емес. Ол үшін, ең алдымен, ырысты ынтымақ керек. Барша Қазақстан халқының тағдыры – ортақ, болашағы – бір. Сондықтан бір ел, бір халық болып, ту түбінде тұтаса білсек, көздеген мақсатқа міндетті түрде жетеміз, – деді мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік рәміздер негізгі құндылықтарымыз бен мұраттарымызды айшықтап, әрқайсымыздың бойымызда елімізге деген шынайы мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді.

Сонымен қатар басты елдік нышандар сын сағатта да, жеңісті күндерде де барша азаматты біріктіретініне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік рәміздер күні әскери шен тапсыру игі дәстүрге айналғанын жеткізді.

Ер азамат үшін ел тыныштығын күзету – ең абыройлы міндет. Әйгілі батырымыз Бауыржан Момышұлы «Ердің туы – намыс» деген. Өздеріңіз сияқты отаншыл әрі намысты ұландары бар Қазақстанның келешегі жарқын екені анық. Баршаңыз антқа адал болып, ел шебін қырағы қорғайсыздар деп сенемін. Әскери шен алу – әр сарбаздың өміріндегі маңызды белес. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов «Атақты алғаннан гөрі, оны арқалап жүрген қиын» деген. Әйгілі қолбасшының бұл сөзі сіздерге зор жауапкершілік жүктейді. Қазақ сарбазы деген атқа әрқашан лайық болыңыздар, – деді президент.

Іс-шара соңында Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің Құрмет қарауылы роталары Президент пен жиналған қауым алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.

Салтанатты рәсімде жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қазақстан президенті – Қазақстан Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысының қолынан офицерлік шен алды

 ҚМ Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлер әскери институты:

      1. Асылбеков Иманжүсіп Асылбекұлы;

      2. Алпысбаев Бауыржан Ақылжанұлы;

ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты:

      3. Дайырбай Бекжан Мұратұлы;

      4. Омаров Диас Бейсенгелдіұлы;

ҰҚК Шекара қызметі академиясы:

      5. Төтен Ернұр Жанатұлы;

ҰҚК Академиясы:

      6. Жұмабек Нұрахмет Шаяхметұлы;

ІІМ Барімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы:

      7. Жанатбай Санжар Жандарұлы;

      8. Сорокина Александра Максимовна;

Ұлттық ұлан академиясы:

      9. Ағыбаев Тимур Бауыржанұлы;

      10. Жеңіс Жалғас Төлегенұлы;

ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы:

      11. Жігербаев Ернар Азаматұлы;

      12. Еркенов Диас Серікұлы.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру