Прокурор сотта Салтанат Нүкенованың жеке жазбаларын оқыды
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 4 сәуірдегі сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ұялы телефонындағы хаттар мен жеке жазбалары қаралды.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сот отырысында Нүкенованың жеке жазбасының бірнешесін оқыды. Соның бірі – 2023 жылдың 10 қазанындағы жазба.
Қуандық, мен Павлодарға біржола кетіп бара жатырмын. Осы күндері ешқандай сезім жоқ екенін, ештеңені сақтап қалғым келмейтінін түсіндім. Опасыздық жасағаның үшін кешірім де сұрамадың, ешқандай әрекет жасамадың. Тек мені кінәлап, психотерапевт туралы айтумен болдың. Көзің көрмей қалғаны соншалық, шыдай алмаймын. Мені кешір. Ұмыт және жібер. Өзім үшін нүктесін қойдым. Ата-анамның жанында боламын, олар маған қарайды, деп жазған Нүкенова.
2023 жылдың 20 сәуіріндегі жазбасында былай жазылған:
«Сәлем, жаным, мен де фотоға қарап отырмын, жүрегім ауырады. Сені жақсы көремін, мен үшін істегеніңнің бәрін бағалаймын, тырысатыныңды білемін. Бірақ мен қарым-қатынасты талқылаудан, өзімнің махаббатымды дәлелдеуден, ақталудан шаршадым. Бұл өмір емес. Мен сенің ойыншығың, балаң емеспін, бір нәрсені қайталаудың қажеті жоқ. 24/7 нені қалай істеуім керек екенін естігім келмейді. Әрбір жанжалдан кейін тәулік бойы өзіме келумен боламын, содан кейін жұмыстарыммен айналысуым керек, сені күліп қарсы алуым керек. Махаббат пен неке бақыт әкелуі үшін оған сенім мен құрмет негіз болуы керек. Әйтпесе тырысқанымызға қарамастан бәрі құлдырайды. Өзара соғысудың орнына бір-бірімізге тірек болуымыз керек. Қарым-қатынасымыз туралы көп сөйлессек те, бір-бірімізді түсінетін сияқты болсақ та, ұрыс-керістің кесірінен үнемі күйзеліске түсемін. Екеуміздің арамыздағы жанжалды ауыр қабылдайтынымды айттым. Соның кесірінен жүйкем сыр бере бастады. Бірақ сені жақсы көремін және өзіммен жұмыс істеуге тырысамын. Сенің айтқаныңды орындауға тырысамын, себебі мен үшін сенің көңілің жай болғаны және бақытың маңызды».
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды. Артынша оның туысы Бақытжан Байжанов та қамалды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ