Ресей Қазақстаннан экспортталған ұнтақталған күріштен сыра өндіреді
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қазақстандықтарды сабырға шақырып, ел қоймасында күріш қоры жеткілікті екенін айтты.
Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов министрге сұрақ қойды.
«Ербол Шырақбайұлы, қазір кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында күрішке қатысты әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Осыған байланысты күріш нарығындағы жағдай қандай?», - деп сұрады премьер.
Ауыл шаруашылығы министрі жағдай тұрақты екенін атап өтті.
Ішкі нарықтағы ақ күріштің қоры 257 мың тонна деп бағаланып отыр. Қазақстандағы жылдық тұтыну көлемі – 97 мың тонна. Қазір өзіміздегі қор тұтыну көлемінен 3 есе артық. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша шетелге 70 мың тонна күріш экспортталды, - деді ведомство басшысы.
Министр экспортталған өнімнің 40 мың тоннасы ұнтақталған күріш екенін атап өтті.
«Сол күріштің 80%-ы Ресейге экспортталады. Бұл өнім сыра өндірісіне пайдаланылады. Сондықтан ішкі нарықтағы күріштің қоры жеткілікті. Экспортқа да шығаруға жағдайымыз жетеді. Күріштің бағасына тоқталайын. Өндіруші зауытта күріштің 1 келісі – 256 теңге, көтерме бағамен 340 – 390 теңге аралығында. Күріш тапшылығы қаупі өте төмен. Күріш өңдейтін өңірлердің дайын өнімді қосымша экспортқа шығаруға және жеткізетіндей қоры бар», - деді Ербол Қарашөкеев.
Үкімет басшысы министрден: «Ішкі нарық күрішпен толық қамтамасыз етіледі. Демек бұл алаңдауға ешқандай негіз жоқ деген сөз бе?», деп сұрағын нақтылады. Ауыл шаруашылығы министрі «Дәл солай!» деп қысқаша жауап берді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ