присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Ресейде жарияланған ішінара мобилизацияның Қазақстан экономикасына әсері

25 қыркүйек 2022 11:54
Ресейде жарияланған ішінара мобилизацияның Қазақстан экономикасына әсері

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин арнайы әскери операция жариялап, Украина аумағына басып кіргелі бері әлемдегі жағдай күртөзгерді. Еуроодақ елдері мен АҚШ-тың санкциялары Ресей экономикасын едәуір әлсіретті. Экономикалық себептерге және саяси көзқарастарына байланысты теріскейдегі көршіміздің аумағында жұмыс істеп келген көптеген шетелдік компаниялар мен жергілікті кәсіпкерлер Ресейден ат тонын ала қашып, өз бизнестерін басқа елдерге көшіре бастады. Әсіресе, Қазақстан аумағында ақпан айынан бері тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны күрт өсті. Отандық және шетелдік экономистер бұл жағдайдың ел экономикасына әсері оң болады деп сендіргенімен, кері әсерін тигізіп, қазақстандық бизнестің, әсіресе, ақпараттық технологиялар саласындағы бизнес субъектілерінің қиын жағдайға тап болғаны белгілі. Ал, ағымдағы жылдың 21-қыркүйегінде РФ басшысы ішінара мобилизациялау жариялағаннан кейін Қазақстанға көшіп келушілердің саны одан сайын артты және олардың басым бөлігі – еңбек нарығында бәсекелестікті арттыратын Ресейдің қарапайым азаматтары. Ресейде жарияланған мобилизациялаудың Қазақстан экономикасына әсері жайлы экономист Талғат Мурсалиммен сұхбаттасқан едік.

«Ішінара мобилизациялаудың еліміздің экономикасына әсері ағымдағы жылдың ақпан айындағы жағдайдан бөлек болмақ. Арнайы әскери операция жарияланып, Ресей экономикасына сансыз санкциялар салынғаннан кейін Қазақстан аумағына көптеген бизнес субъектілері өз кәсіптерін көшірді. Ал, 21-қыркүйектен кейін көшіп келіп жатқандардың көбі – солтүстіктегі көршіміздің қарапайым азаматтары. Олардың елімізге келіп тұрақтап қалуы, ең алдымен, Қазақстандағы еңбек нарығындағы жағдайды ушықтырады. Еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың 8-9 пайызы жұмыссыз. Дегенмен, бұл ресми ақпарат ғана. Қазақстанда ауыл-аймақтардағы азаматтардың дені өз-өзін жұмыспен қамтушы тұлғалар ретінде есепке алынған. Ал, шын мәнінде, ол азаматтардың едәуір бөлігі жұмыссыздар. Еңбек нарығында артқан бәсекелестіктің нәтижесінде өз азаматтарымыздың жұмыссыз қалу қаупі артады»

    Талғат Мурсалимнің айтуынша, еңбек нарығынан бөлек, басқа салаларда да түйткілді мәселер туындауы мүмкін:

 «Ең алдымен, баспана нарығындағы жағдай ушыға түседі. Жалдамалы баспананың бағасы қазірдің өзінде еселеп өсіп кетті. Үлкен қалаларда жалдамалы пәтерде тұрып күнелтіп жатқан азаматтарымыздың баспанасыз қалып, олардың орнын Ресейден келген қонақтардың алып жатқанын ғаламтор желісінен көріп жүрміз. Баспана бағасы жақын арада арзандай қоймайды, қазірдің өзінде жалдамалы пәтер бағасы еліміздегі нақты орташа жалақыдан 2 есеге артық»

    Елімізге көптеп көшіп келіп жатқан Ресей азаматтары Қазақстан экономикасына және өзге де салаларға оң әсерін тигізуі мүмкін бе?

    «Әрине, бірінші кезекте АҚШ-ты мысал ретінде алуымызға болады. Еуропада соғыс, ашаршылық, қиын экономикалық ахуал болған уақыттарда кәрі құрлықтың миллиондаған азаматтары мұхит асып кеткені тарихтан белгілі. Олардың арасындағы көптеген білікті мамандар жаңа жерге қоныстанып, сол аймақтың түрлі салаларының дамуына үлкен үлес қосқан. ХІХ-ХХ ғасырларда батыс елдерінде болған қиын-қыстаужағдайлар АҚШ-қа көбіне оң әсерін тигізді. Ал, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ экономикасы әлемдегі жетекші орынға шықты. Бұл жағдай біздің елде де қайталануы мүмкін. Шеттен келген мамандардың әсерінен түрлі салалардағы бәсекелестік артады. Ал, бәсекелестік бар жерде жұмыстың сапасы да арта түседі. Тек сол үлкен бәсекелестікке төтеп бере алмай, ел азаматтары арнасынан шығып қалмаса болғаны»

 Мобилизациялау жарияланған кейін Ресейге қосымша санкциялар салынуы әбден мүмкін. Олардың алғашқы легі батыс елдері тарапынан дайындалып та жатқаны белгілі.

   «Қосымша санкциялардың елімізді айналып өтпесі анық. Ресей аумағынан тасымалданатын энерготасушыларға тосқауыл қойылса, Қазақстан экономикасы құлдырауы ықтимал. Қазақ мұнайының 90 пайызы Ресей аумағынан өтетін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. КҚК жұмысы тоқтаған жағдайда мұнайдан түсетін табыстан қағыламыз. Ел бюджетінің басым бөлігін дәл осы энерготасушылардан түсетін табыс құрайды»

 Қазақстан мұнайын тасымалдайтын басқа бағыттарды қарастырып, жұмысты жолға қою қанша уақытты қажет етеді?

 «Ол бағыттағы жұмыс ондаған жылдарға ұласуы мүмкін және қыруар инвестициялар қажет. «Баку – Тбилиси –Джейхан» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау қазір мүмкін емес. Аталмыш құбыр жолының мұнай резерві бар-жоғы 20 млн тонна, ал КҚК арқылы 60 млн тонна қазақ мұнайы тасымалданады. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі КҚК арқылы мұнайды тасымалдау ең оңтайлы әрі қаражат жағынан тиімді жол деп түйіндеп отыр»

Демек, еліміз үшін қазіргідей қиын кезеңде бюджетті сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аударған жөн. Көрші елдермен қандай келісімдер жасалса да халықтың мүддесі, елдің игілігі деген дүниелер ескерілсе екен дейді сарапшы мамандар.

Қазіргі уақытта геосаяси жағдай қауіпсіздігіміздің сыналар сәті болып тұр. Сынақтан сүрінбес үшін қателікке жол бермеуге тиіспіз.

Дәулет Сейітбек

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру