Ресейден Амур жолбарыстары әкелінеді – министр
Қазақстанға Ресейден 3 Амур жолбарысы жеткізіледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты
Оның айтуынша, Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру үшін «Іле-Балқаш» қорығы дайындалған.
«Тұран жолбарысы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Іле-Балқаш» қорығы дайындалды. Бұл қорықтың аумағы – 415 мың гектардан асады. Жолбарыстарға тоқталайын, қыркүйекте Ресейде өткен экономикалық форумда РФ Табиғат министрлігімен арада меморандумға қол қойылды. Бүгінде тиісті жол картасы әзірленуде. Оған сәйкес біз ғылыми зерттеулерден басқа, 2025 жылы Амур жолбарысының бірінші партиясын елімізге әкелуді жоспарлап отырмыз», - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатынан соң.
Серікқали Брекешев Қазақстанға 3 жолбарыс жеткізілетінін атап өтті. Аталған қорықта қабан мен елік, бұқар бұғылары мекендейтінін жеткізді. Қазір олардың санын көбейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жолбарыстарды Ресей тегін береді. Сондықтан бұл тұрғыда ақшаға қатысты мәселе жоқ. Амур және Тұран жолбарыстарына тоқталсақ, ғалымдарымыз ДНҚ бойынша бұл жолбарыстар өзара жақын екенін дәлелдеді. Сондықтан Амур жолбарыстарын Іле-Балқаш қорығының аумағына қайта жерсіндіру туралы шешім қабылданды, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеген болатын.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ