СҚО-да су тасқынына қарсы күреске 3 мыңнан аса адам жұмылдырылды – Олжас Бектенов
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға 3 мыңнан аса адам жұмылдырылды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ол Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елді мекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмысын тексерді.
- Үкімет басшысы Тепличное және Кожевенная ауылдарындағы қорғаныш үйінділерінің жағдайын қарап, 2017 жылғы су тасқынынан кейін жүргізілген жұмыстың есебін тыңдады.
- Қазір Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің жоғарылауын ескеріп, қолданыстағы бөгеттерді нығайту және олардың ұзындығы мен биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
- Жалпы қарғын суды өткізу үшін автожолдарда жол төсемін аршу жұмысы 6 рет жүргізілді.
- Баламалы бағыт қарастырылып, белгілер қойылып, кезекшілік ұйымдастырылған.
Су тасқыны кезеңі басталғалы бері елді мекендердің көшелері мен аула аумақтарынан 440 мың м3 су сорылды. 165 шақырымнан аса арық тазартылды, 2,7 шақырым каналдар кеңейтіліп, тереңдетілді.
Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тұрғындар қойған сұрақтарға жауап берді, еріктілер мен сарапшыларға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс атты.
Үкімет басшысы тартылған қосымша күштер мен техниканы ескеріп, бөгеттерді нығайту жұмысының қарқынын жеделдету, оның ішінде биіктігін арттыру керектігін атап өтті.
Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды. Сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз қажет. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдардың зардап шекпеуі маңызды, - деді Олжас Бектенов.
Қазір су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, ПД, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1 432 қызметкері, 1 200 ерікті жұмылдырылды.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бүгін Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келді. Осылайша, барлығы 3 мыңға жуық адам жұмылдырылды.
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да осында жүр. Жедел штабтар тәулік бойы жұмыс істейді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ