Су тасқыны: Қостанай облысында үйлердің құрылысы толық аяқталды
Қостанай облысында су тасқынынан зақымдалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды алғашқылардың бірі болып аяқтады. Аймақ тұрғындары баспанамен толық қамтамасыз етілді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биылғы көктемде алапат су тасқынынан зардап шеккен Жангелдин ауданының 19 тұрғыны жаңа үйдің кілтін иеленген. Амангелді ауданында да кеше тағы 18 үйде қоныс тойы тойланбақ.
Қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған үйлердің орнына рекордтық мерзімде типтік, іргелес жер учаскесі бар жаңа үйлер салынды. Ауыл тұрғындарына жаңа баспананың кілтін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мен «Қазақстан халқына» ҚҚ өкілі Шыңғыс Шарапиев табыстады. Қостанай облысының әкімдігі мен Қор арасындағы меморандум аясында өңірде Амангелді, Жангелдин және Қостанай аудандарында зардап шеккендерге арналған 89 жеке тұрғын үй құрылысы қаржыландырылды.
Расын айтсам, құрылысшылардың суық түскенше үйлерді салып бітіретініне өз басым сенген жоқпын. Құрылыс жұмыстарының ауқымдығы сондай, ұшы-қиыры жоқтай көрінуші еді. Тасқыннан қираған ескі саман үйдің орнына бізге жаңа, жылы, жарық, зәулім баспана берілді. Бұл үшін Қазақстан президентіне де, облысымыз, ауданымыздың басшылығына да үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өмір жалғасуда, дәлірек айтсам, өміріміздің жаңа, бақытты кезеңі ғана басталғандай, – деді Амангелді ауылының тұрғыны Жәнібек Кәрімжанов.
Амангелді ауданындағы Амантоғай, Байғабыл, Ағаштыкөл ауылдарының тұрғындары да қуанышты сәтті асыға күтіп, қызу дайындық үстінде. Онда су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 5 үйдің құрылысы аяқталды. Ертең сол жерде кілттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді.
Жангелдин ауданына қарасты Көлкамыс ауылының Әлімбаевтар отбасы да өздерінің қуаныштарын жасырмай, қиын сәтте теріс айналмай, қол ұшын созған барлық азаматтарға ризашылығын айтты.
Туған ауылымызда, жаңа, жайлы баспанада тұратын боламыз. Арманымыз орындалды, қуанышымыз шексіз. Су тасқыны ескі үйімізді түбімен шайып кетіп, қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Басымызға түскен сынақты жеңуге күш берген, қамқорлық танытқан барша қазақ еліне ризашылығымды білдіремін, – деді Алпыс Әлімбаев.
Бұл ауылдардың облыс орталығынан қашықтығына қарамастан, құрылыс жұмыстары рекордтық мерзімде аяқталды. Мәселен, Амангелді ауылы Қостанай қаласынан 420 шақырым, ал Жангелдин ауданының Көлкамыс ауылы облыс орталығынан 640 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұндай қашықтық құрылыс материалдары мен қажетті техниканы жеткізуде үлкен қиындықтар туғызары сөзсіз, алайда соған қарамастан үйлер салынып, тұрғындар қара суық басталғанша үйлеріне қоныстанып үлгерді.
Қостанай облысында су тасқыны кезінде барлығы 1283 үй зақымдалып, олардың үштен бірі қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінде қажет болған 315 пәтер сатып алынды. Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 153 жаңа үйдің құрылысы толығымен аяқталды, - деді Ринат Мұхаметқали.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ