Су тасқынынан құтқарылғандардың саны 90 мыңға жуықтады
Бүгінде елімізде құтқарушылар 88 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Бұл туралы ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш айтты.
9 сәуірдегі 16:00-дегі жағдай бойынша Азаматтық қорғау қызметі 88 мыңға жуық адамды құтқарды. Оның 30 мыңы – бала. Қазір уақытша орналастыру пунктерінде 7 мыңнан аса адам бар. Оның 3 700-і – бала. 4 800 адам өз үйлеріне оралды. 82 315 бас мал қауіпсіз жерге айдалды, - деді Ерасыл Сайпаш ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір апаттық-құтқару жұмыстарына 23 мыңнан аса адам, 2 500-ге жуық техника, 448 су сору техникасы және 131 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылған.
Соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар министрлігінің 525 маманы мен 100-ге жуық техникасы Алматы қаласынан Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарына, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Астана қаласындағы №58665 әскери бөлімі Солтүстік Қазақстан облысына жіберілді, - деді аға офицер.
Бүгінде ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8 млн-нан аса текше метр еріген қар суы сорылған, сондай-ақ 1 млн 200 мыңға жуық қапшық, 1 млн тоннадан асатын инертті материал төселген.
Ақтөбе, Қостанай облыстарына Қырғыз Республикасының гуманитарлық көмегі келіп жетті. Қалған жүк көліктері Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына бара жатыр, - деді Ерасыл Сайпаш.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ