присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Тоқаев Атырауда үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды

08 қараша 2022 10:54
Тоқаев Атырауда үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Президент кездесу барысында мұнай қоймаларын барынша көбейту мәселесі өзекті екенін жеткізді.

«Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Сол себепті, мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек.

«Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешілуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын», – деді Президент.

Одан бөлек, Тоқаев өңірдегі шетелдік компаниялардың аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және экология мәселелерін шешуге атсалысуы керектігін айтты.

«Үкімет әкімдікпен бірлесіп, инвесторларды осы жұмысқа жұмылдыруы қажет. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аударылады. Осы мәселені Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің қарауына шығару керек. Мемлекет мүддесі үшін инвесторлармен жалпы келісімдерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырамын», – деді Тоқаев.

 

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру