Елімізде 8 есірткі зертханасын ашпақ болған шетелдік қылмыстық топ ұсталды
ІІМ, ҰҚК, ҚМА және Алматы облысы ПД ведомствоаралық тобы ауқымды арнайы операция барысында интернет-ресурстардың көмегімен синтетикалық есірткілер өндірісін және оларды Қазақстан аумағында өткізуді ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін жойды.
Өткен жылдың соңында Алматы облысында өңірлік ПД жедел қызметкерлері жедел шаралар жүргізді. Шара барысында өңір аумағында 3 жасырын зертханада синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған 8 шетелдік анықталып, ұсталды.
Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қосымша осы қылмыстық топты қаржыландыруға, сондай-ақ прекурсорларды (есірткі өндіруге арналған химиялық заттарды) және зертханалық жабдықтарды шетелден Қазақстанға жеткізуге жауапты 2 шетелдікті, яғни негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Прекурсорларды жеткізуді, сақтауды және өткізуді ұйымдастырған ер адамның бірі Алматы қаласында ұсталды. Тінту барысында ол жалға алған 6 қоймадан есірткі өндіру цикліне арналған «реакторлар» деп аталатын 8 арнайы зертханалық жабдық және 13 тонна прекурсорлар тәркіленді.
Осылайша, елімізде 2 тонна синтетикалық есірткі өндіруге (бұл – 4 млн бір реттік доза) және 8 ірі есірткі зертханасын құруға жол берілмеді. Сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіруге арналған 30-дан аса басқа жабдық, оның ішінде вакуумдық сүзгілер, терморегуляторлар, сорғылар тәркіленді. Үш жеке үй мен үш автокөлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ