Елімізде ұялы байланыс қызметі негізсіз қымбаттап жатыр – Бейсенбаев
Қазақстанда ұялы байланыс қызметі негізсіз қымбаттап жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
Қазір байланыс құралынсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Мобильді байланыс күнделікті тіршілігімізге дендеп енді. Алайда ұялы байланыс қызметі тарифінің күннен-күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Тарифтер жыл санап емес, ай санап өсіп жатыр, - деді Елнұр Бейсенбаев.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметінің тарифтік жоспары 2023 жылы 57%-ға дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тариф орташа есеппен 13%-дан 37%-ға көтерілген.
2023 жылғы сәуірде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1 790 теңгеден 2 490 теңгеге дейін (өсім – 39%), Кселл мен Теле2 тамыздан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Мысалы, «Реальный безлимит» (Кселл) 3 390 теңгеден 4 390 теңгеге (өсім – 29%), «Просто супер» (Теле2) 2 590 теңгеден 3 290 теңгеге (өсім – 27%) өсті. Ең қызығы, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3 390 теңгелік тариф 5 380 теңгеге дейін, яғни 59%-ға қымбаттады, - деді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстанда «Байланыс туралы» заңның 20-бабына сәйкес операторлар байланыс қызметінің тарифтерін өздері қояды.
«Осылайша, олардың тарифті негізделген шығындар бойынша өздері қалыптастыруына жағдай жасалып қойылған. Тіпті, операторлар Бәсекелестікті қорғау агенттігін хабардар етуге де міндетті емес. Тарифтің өсетіні туралы бір ай бұрын хабардар етсе болғаны. Агенттік бағаның өсуі күдік туғызғанда ғана оның негізділігін тексеріп, заңсыздық анықталған жағдайда, айыппұл сала алады. Оның мөлшері монополистік қызмет нәтижесінде алынған кірістің небәрі 5%-ына тең. Өйткені бәсекелестікті дамыту үшін Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бастап байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеу алынып тасталған», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутатың пікірінше, байланыс тарифінің бұлайша жөнсіз көтеріле беруіне, біріншіден, заңның жұмсақтығы себеп, екіншіден, операторлардың нарықта монополиялық жағдайды иемденуіне байланысты.
Сондай-ақ операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын көтеру фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың шағымы негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізген. Бірақ ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей, соттасып жүрген көрінеді, - деді ол.
Сонымен қатар, Елнұр Бейсенбаев бүгінде ұялы байланыс қызметі қымбат екенін, ал оның сапасы сын көтермейтінін атап өтті.
«Тағы бір мәселе, ұялы байланыс қымбат болса да сапасының сын көтермеуімен байланысты. Байланыс өте әлсіз және интернеттің жылдамдығы тым баяу. Speedtest жаһандық рейтингі бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67-орында тұр.
Бұдан бөлек, елімізде әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. Мәселен 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 6 290 ауыл болса, соның шамамен 1,5 мың ауылында мобильді интернет мүлде жоқ, ал 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар. Демек, тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ. Содан кейін «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, операторлар өзі қалаған бағаны қоймай қайтсін? - деді депутат.
Ол мәселені шешу үшін төмендегі ұсыныстарды айтты:
- Үкімет ұялы байланыс нарығын монополиядан арылту шараларын қолға алуы керек. Бұл ретте мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтынушылар мүддесі барынша ескерілгені жөн.
- Ұялы байланыс пен интернет сапасын арттыру, бүкіл өңір мен ауылдық елді мекендерді толық интернетпен қамтамасыз ету шараларын қабылдауға тиіс. Осы ретте мүлде мобильді интернеті жоқ 1 432 ауылға желіні жеткізу бойынша нақты жол картасын даярлауымыз қажет.
- Үкімет ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұтынушылардың құқығын барынша қорғау бағытында заңнама талаптарын күшейтетін өзгерістер әзірлеуі қажет.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ