Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша 10 мың жұмыс орны ашылады
Биыл жеңіл өнеркәсіп бойынша іске асырылатын инвестициялық жобаларға байланысты 3%-дық сыйақы мөлшерлемесінде қаржылай қолдау тетігі қарастырылады.
ИИДМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 3%-дық мөлшерлемемен зайымдық ақшаны ұсынудың операторы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ саналады. Бұл тетік шағын және орта бизнесті ынталандыруға бағытталып, орта және жоғары бөліністегі тауарларды өндіретін, сондай-ақ ішкі нарықтан шикізат сатып алуды көздейтін кәсіпорындарға басымдық берілмек.
Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктелуіне сәйкес, төмендегі қызмет түрлерін көрсететін кәсіпорындардың тиісті қаражатты алуға мүмкіндігі бар:
- тоқыма бұйымдарының өндірісін жолға қойған (ЭҚЖЖ 13-бөлімі);
- киім өндіретін (ЭҚЖЖ 14-бөлімі);
- былғары және оған қатысты өнімдерді шығаратын кәсіпорындар (ЭҚЖЖ 15-бөлімі).
Бұл ретте бір жобаға қарастырылатын зайымдық ақшаның шекті мөлшері – 5 млрд теңге. Сондай-ақ маңызды шарттардың бірі өндірісті жаңғырту кезінде кемінде 30 адам, ал жаңа өндірісті құрған шақта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілуге тиіс.
Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, қазір инвестициялық жобалар пулында жеңіл өнеркәсіпке қатысты 60-қа жуық жоба бар. 2025 жылға дейін іске қосылатын осы жобалар бойынша 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жеңіл өнеркәсіп – адам өмірінде үлкен маңызы бар сала. Неге десеңіз, тұтыну көлемі жағынан аталған сектор екінші орында келеді, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтитын әлеуметтік тұрғыда өте маңызды сала саналады. Біздің алдымызға республикадағы барлық шикізатты дайын өнімге дейін өңдеп, шығару міндеті қойылған, – деді ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының міндетін атқарушы Олжас Сапарбеков.
Биылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізде 55,5 млрд теңгенің жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл – былтырғы кезеңмен салыстырғанда, 37,8% көп. Сонымен қатар өндірісті үздіксіз жалғастырып келе жатқан кәсіпорын санының 2022 жылмен салыстырғанда, 9% немесе 122 нысанға ұлғайғаны байқалып отыр.
Жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс өсімі оның барлық түрінде тіркелді: тоқыма бұйымдарын өндіру – 57,6%, киім өндірісі – 11,7%, былғары және оған қатысты өнімді шығару 7,4% артқан.
Бұл бағытта өңірлер арасында Түркістан облысы (28,5%), Шымкент (16%) және Алматы қалалары (8%) мен Ақмола облысы (5,6%) көш бастап келеді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ