присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Жыл басынан бері 1,3 мың қазақ қандас мәртебесін алды

16 ақпан 2024 10:42
Жыл басынан бері 1,3 мың қазақ қандас мәртебесін алды

2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 1 мың 306 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 129,6 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысы (48,9%) Қытайдан, 29,6%-ы – Өзбекстаннан, 8,3%-ы – Моңғолиядан, 4,4%-ы – Ресейден, 7,3%-ы – Түрікменстаннан және 1,5%-ы басқа елдерден келген.

Биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 56,2%, еңбекке қабілетті жастан кішілер 33,6% және зейнеткерлер 10,2% болды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы – жоғары білімді, 20,2%-ы – орта кәсіби білімді, 54,6%-ы – жалпы орта білімді, және 10,2%-ының білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) анықталды.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 2 мың 433 адам. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 332 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге), тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде беріледі.

Жыл басынан бері 35 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Еске сала кетсек, 2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылып жатыр. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге келу, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.

Бүгінде этникалық қазақтардан жаңа форматта 6 203 өтініш қабылданды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру