присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталады

23 тамыз 2024 09:55
Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталады

Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталады. Бұл туралы Үкіметтің көлік инфрақұлымына қатысты аралық қорытындысынан белгілі болды.

Биыл жол-құрылыс жұмыстарының көлемі рекордты 12 мың шақырымға жетеді. Оның 8 мың шақырымы – еліміздің өңірлерін байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көлік күре жолдарын қамтамасыз ететін республикалық жолдар. Қалған 4 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар.

Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолдың құрылысы, реконструкциясы және жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде «Қарағанды-Алматы», «Талдықорған-Өскемен» және «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» сияқты ірі көлік күре жолдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Бұл жобалар жол жүру уақытын қысқартып, көлік шығындарын азайтады әрі жол қауіпсіздігін арттырады. Аталған жобалардың жалпы ұзындығы – 2 мың шақырым, – делінген Үкімет хабарламасында.

Түркістан облысында Шақпақ баба асуында туннель құрылысы аяқталып қалды. Оның ұзындығы – 840 метр. Құрылыс аймақ үшін үлкен маңызға ие, өйткені асу «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің күрделі бөлігі болып саналады. Қазір бетон мен асфальт төселіп, негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Бүгінде бейнебақылау жүйелерін, желдету және өртке қарсы жабдықтарды орнату бойынша іске қосу-реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Алматы облысындағы Шамалған стансасында автомобиль жолы өтпесі салынп жатыр. Өткелдің ашылуы автокөліктердің темір жолдардан қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақстанның шығысында ұзындығы 1 316 метр Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы аяқталып келеді. Көпірдің өзінен бөлек, жоба жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын кірме жолдың құрылысын қамтиды. Қазір 21 тіректі орнату және 20 металл аралықты монтаждау жұмыстары аяқталды. Көпір мен кірме жолға асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Бұл көпір өңір үшін стратегиялық маңызға ие, өйткені бұрын шалғай аудандардың тұрғындары паром өткелін пайдалануға мәжбүр болған. Жаңа көпір жол жүру уақытын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі жол инфрақұрылымын дамытудың 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясын одан әрі іске асырып жатыр. Мәселен, бұл бағдарламаға «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Қарағанды-Жезқазған» сияқты перспективалы жобалар және Сарыағаш қаласын айналып өту құрылысы енгізілген. Барлық жоба бір мердігер ұйымның жолды жобалап, салуын және кейіннен күтіп ұстауын көздейтін ЕРСМ-келісімшарты бойынша іске асырылады.

Сонымен қатар, Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын «Қызылорда-Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмысы басталды. Реконструкция жол төсемін жақсарту, жол жиектерін нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді жұмысты қамтиды. Бұл жоба ұзақ уақытқа созылған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді және осы магистраль бойынша қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.

Бұған қоса, автожол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде ҚДБ арқылы қаржыландырылатын, құрылымды күшейте отырып, жолдарды орташа жөндеудің ауқымды бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама 20 жылдан астам жөндеу жүргізілмеген учаскелермен қоса, 2,5 мың шақырым республикалық жолдарды қамтиды.

Жобалар тізбесіне «Жезқазған-Петропавл», «Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз», «Қарағанды-Аягөз*Боғас» және «Семей-Барнаул» жолдарын орташа жөндеуден өткізу енгізілген. Бұл жобаларды іске асыру алдағы жылдарға қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз ете отырып, бүкіл ел бойынша жолдардың жағдайын жақсартуға ықпал етеді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру