присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Үкімет құрамындағы жаңа министрлер ант берді

13 ақпан 2024 10:42
Үкімет құрамындағы жаңа министрлер ант берді

Үкімет отырысында жаңадан тағайындалған министрлер ант берді.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы министрі Мәди Такиев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ант берді.

Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант етемін, - деп жазылған ант мәтінінде

Премьер-министр Олжас Бектенов оларды жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Еске салайық, жуырда Қазақстан үкіметі ауысты. Әлихан Смайылов отставкаға кетіп, Олжас Бектенов премьер-министр болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Мәжіліс депутаттарына жаңа премьер-министрді таныстырып, Олжас Бектенов басшылық ететін үкіметтің алдында қандай маңызды міндеттер тұрғанын айтты.

Президенттің айтуынша, алдымызда тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр.

«Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру