присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Өнер арқылы ғаламдық мәселелерді шешуге болады

11 маусым 2024 11:28
Өнер арқылы ғаламдық мәселелерді шешуге болады

Өнер арқылы ғаламдық мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне себепші болуға болады. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық шығармашылық симпозиумына келген үндістандық суретші айтты.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығына «Өнер арқылы тұрақты даму мақсаттарын алға жылжыту» халықаралық шығармашылық симпозиумы (пленэр) өтті. Симпозиумға Корея, Словакия, Қытай, Тайланд, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан елдерінен 25 талантты кескіндеме шеберлері және жоғары оқу орындарынан 30 білім алушы қатысты.

Шараның ашылу салтанатында QyzPU Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай қатысушыларды арнайы құттықтап, симпозиум тұрақты даму мақсаттарымен халықаралық ынтымақтастықта кәсіби өнер аймағын құру және нығайту, дарынды білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

25 жылдан астам тәжірибесі бар суретші, сурет мұғалімі, куратор және көркемдік кеңесші Ritu Singh Үндістаннан шараға қатысу үшін арнайы келген.

«Мен бұл шараға Үндістаннан арнайы келдім. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне алғаш келуім. Шығармашылық симпозиум суретшілер үшін де, студенттер үшін де жаңа білім мен идеялар алмасуға тамаша мүмкіндік деп есептеймін. Бұл шарада өнер арқылы маңызды тақырыптар қозғалатыны негізге алынып отыр. Расымен, өнер арқылы ғаламдық мәселелерді көтеріп оның шешілуіне себепші болуға болады деп ойлаймын. Жоғары оқу орындарында студенттер теориялық түрде білім алады. Ал осындай шараларға қатысу арқылы олар бірнеше сағатта құнды ақпараттар мен тәжірибе жинайды. Бұл – тамаша мүмкіндік», – деді Мумбайдан келген суретші.

Симпозиум барысында Университеттің 80 жылдығына орай «Тұрақты даму» орталығы ресми түрде ашылды. Жаңа орталықта Латвиядан келген профессор, Суретшілер одағының мүшесі Karine Paranyanc семинарлық тренинг өткізді. Тракья университетінің  (Түркия) профессоры Melihat Tuzun шеберлік сабақтарын жүргізіп, білім алудың заманауи техникаларымен бөлісті.

Үш күн бойы симпозиумда шетелдік қылқалам шеберлері және білім алушылар оқу шеберханасында «Әлем құпияларының шынайлығы», «Өнер әлемді құтқарады», «Өнер арқылы қоршаған ортаны сақтау», «Гендерлік теңдік», «Отбасылық құндылық» тақырыптарда шығармашылық жұмыстар жазды және Алатау тау бөктерінің табиғатына пленэрлік этюд орындады.

Симпозиум соңында кескіндеме шеберлердің қорытынды көрмесі және қатысушы білім алушылардың шығармашылық жұмыстарына байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.  Өзге қатысушылар диплом және сыйлықтармен марапатталды.

Халықаралық шығармашылық симпозиум (пленэр) қорытындысы нәтижесі қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының каталогында жарық көреді. Екі елдің суретшілері мен студенттерінің арасында шығармашылық  серіктестік орнату мақсатында Түркияның Тракья университеті Өнер факультетімен келісімшарт жасау жоспарланды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру