присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Өскеменде бұрынғы әйелін балағаттаған ер адамға айыппұл салынды

29 наурыз 2023 15:55
Өскеменде бұрынғы әйелін балағаттаған ер адамға айыппұл салынды

Өскеменде бұрынғы әйелін әлеуметтік желіде балағаттаған ер адамға айыппұл тағайындалды.

Өскемен қаласының №2 сотында қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткен ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, ер адам кешкі уақытта кафеде отырып, өзінің ұялы телефонынан WhatsApp мессенджері және SMS-хабарламасы арқылы бұрынғы әйелінің атына әдепсіз, балағат сөздер жазған.

Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, ұялы телефоннан алынған скриншоттармен, сарапшының қорытындысымен расталды. Сондай-ақ сотталушының жіберілген хабарламаларында жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру белгілерін қамтитын әдепсіз нысанда айтылған сөздер бар деген қорытынды шығарылды.

Сот ер адамды қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 76 575 теңге айыппұл салды. Сонымен бірге сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 100 мың теңге моральдық шығын өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру