присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 110 жыл

24 желтоқсан 2020 09:39
Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 110 жыл

Ұлы Отан соғысының басынан кіріп, аяғынан шыққан, ерлігі елдің есінен кетпейтін талантты да қаһарман қолбасшы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды, деп хабарлайды Taunews.kz.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында дүниеге келді. Мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім қызметін атқарған. Кезекті әскери міндетін өтеуге шақырғанда, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады.

1941 жылы соғыс басталысымен, Бауыржан генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысқан. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді. Бауыржан Момышұлы жау шебіне ішкерілей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың әрі оны дамытушылардың бірі.

Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан ол біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді.

Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына Совет одағының батыры атағы соғыс біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атағы берілді. Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салып, Кеңсайға жерленген.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру