Тоқаев Түркі мемлекеттерінің басшыларына: «Қасиетті қара шаңыраққа қош келдіңіздер»
Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті басталды, деп хабарлады Ақорда.
Жиын Бейбітшілік және келісім сарайында өтуде. Оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері, ал Венгрия премьер-министрі мен Түрікменстан Халк маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысып жатыр.
Түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға қош келдіңіздер! Ең алдымен, бауырым Реджеп Тайип Ердоғанға және барша түрік ағайынға Түркияның 100 жылдық мерейтойы құтты болсын дегім келеді. Анадолының ғасырлық шежіресі биік белеске, зор жетістікке толы. Ұлы тұлғаларының арқасында бүгінде Түркия бүкіл әлемге ықпалы бар қуатты мемлекетке айналды.
Сондай-ақ қадірлі Ильхам Гейдароғлы Әлиевті және Әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтаймын! Сіздің еліңіз аумақтық тұтастығын қалпына келтіріп, дамудың жаңа тарихи дәуіріне қадам басты. Осы тарихи қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес жүзеге асты.
Сонымен қатар Ұйымның қазіргі төрағасы Өзбекстан президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевке түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қосқаны үшін ерекше алғысымды айтамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.
Президенттің пікірінше, Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі қазір беделді халықаралық ұйымға айналған.
«Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық.
Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау.
Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан, түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, - деді мемлекет басшысы.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ