Мемлекет басшысы хостелдегі қазаға байланысты көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды.
Еске сала кетсек, бүгін Алматыда таңғы сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөлесінде орнанасқан хостел өртеніп, 13 адам көз жұмған болатын. Сондай-ақ хостелден 59 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Алматы қаласының ТЖД осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады.
Хостелдің үш қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында және жертөлесінде заңсыз орналасқаны анықталды. Оның үстіне, хостелдің ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгені анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ