Тоқаев цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттыруды тапсырды
Білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеу қажет. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында айтты.
Автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні қазірдің өзінде белгілі. Goldman Sachs келешекте жүздеген мамандық пен 3 миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал деп болжам жасап отыр. Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу, – деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді. Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады.
Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет. «Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді. Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын, – деді президент.
Бұған қоса мемлекет басшысы университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажеттігін атап өтті.
Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек. Мен жуырдағы Жолдауымда кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек деген міндет жүктедім. Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ. Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді. Осы ретте Институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ