Адам ағзаларын саудалаумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың мүшесі болған деп айыпталған 35 жастағы әйел ұсталды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сұранысы бойынша Польша құқық қорғау органдары Украина-Польша шекарасындағы теміржол өткізу пунктінде 35 жастағы әйелді ұстады.
Қазақстан құқық қорғау органдары 2020 жылы оған халықаралық іздеу жариялаған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2017-2018 жылдары бұл қылмыстық топ Қазақстандағы медициналық мекемелерде заңсыз трансплантация операцияларын ұйымдастырған.
Қылмыстық схемаға Израиль, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары тартылған.
Алдын-ала мәліметтерге сүйенсек, күдікті донорлар мен реципиенттерді қарсы алып, орналастыру, олардың медициналық тексерістен өтуін ұйымдастыру, шығындарын өтеу және құпиялылықты сақтау жұмыстарымен айналысқан. Сондай-ақ донорларға реципиенттермен туыстық байланыстары туралы жалған ақпаратты жаттатқызған.
Қазіргі уақытта ұсталған күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.