2025 жылдың төрт айында полиция қызметкерлері түрлі қылмыстар үшін мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген 264 адамды ұстады.
Polisia.kz мәліметінше, Жамбыл облысында Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы ұсталды. Ол ақпан айында Ташкент облысында отбасылық жанжал кезінде жұбайын соққыға жығып, оның өліміне әкелген дене жарақаттарын келтірген.
Адам өлтірді деген күдікпен 2003 жылдан бері іздеуде жүрген 71 жастағы ер адам Түркістан облысында ұсталып, қамауға алынды. Алматы қаласында мемлекетаралық іздеуде жүрген өзбекстандық азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2012 жылы ол Шыршық қаласында өзімен бірге тұратын әйелді аяусыз ұрып-соғып, тұншықтырып өлтірген, – делінген мәліметте.
Сонымен қатар Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам 2022 жылы Ресей Федерациясының Липецк қаласында өзінің танысын пышақтап өлтірген. Елден тыс жерлерде Қазақстан Республикасы ІІМ сұрауы бойынша 57 қылмыскер құрықталды.