Өңірлердегі жылумен жабдықтау инфрақұрылымының тозған жағдайы жылу маусымының жайлы өтуіне қауіп төндіріп отыр. Сенатор Бекболат Орынбеков Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында қазандықтар мен жылу желілерін шұғыл жаңғырту қажеттігіне назар аударды.
Ендігі күрделі мәселе, тұрғындар мен заңды тұлғаларға жылумен және ыстық сумен жабдықтау қызметін көрсету саласындағы табиғи монополия субъектілеріне, қолдау арқылы жаңа маусымға дайындық. Республика бойынша, жылумен жабдықтау жүйелерінде жалпы 13 144 қазандық жұмыс істейді.
Оның ішінде орталықтандырылған 66 қазандық қызмет атқарып, орташа тозуы – 57%-ға тең. Ал, 2024 жылдың соңындағы талдау нәтижелері бойынша, жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 13 313 км-ды құрап, орташа тозуы 52%-ға жетіп отыр, – дейді сенатор.
Бекболат Орынбеков қазандықтар мен құбырлардың тозуы апаттарға, жөндеу шығындарының көбеюіне және энергия тиімділігінің төмендеуіне жиі әкелетінін айтты. Сонымен қатар, газ тауары бағасының өсуі кәсіпорындардың шығынын едәуір арттырады және инфрақұрылымды уақтылы жөндеу мүмкіндігін азайтады.