Астанада әуежай маңындағы №101 бастапқы станцияда жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің алғашқы вагондары рельске орнатылды.
2025 жылғы 11 маусымда аталған станцияда жеңіл рельсті көлік құралының алғашқы құрамы – екі вагоннан тұратын пойыз сәтті көтеріліп, рельске қойылды. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы мәлімдеді.
Құрамды көтеру жұмыстары жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің құрылысы аясында жоспарлы іс-шаралардың бір бөлігі болып табылады. Вагондар сынақ іске қосу жұмыстары басталғанға дейін осы станцияда болады. Тестілеу 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.