Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуды аяқтаған азаматтардың Қазақстан аумағында міндетті түрде қызмет өтеуі — заңға сәйкес азаматтық шарт талабы екенін мәлімдеді.
Бұл шешім «Болашақ» бағдарламасының түлегі аталған талаптың Конституцияға сәйкестігін даулаған өтінішке байланысты қабылданды. Өтініш беруші 2008 жылғы 11 маусымда Үкімет бекіткен №573 қаулыдағы «Болашақ» стипендиясын тағайындау қағидаларының 24-тармағы, 5) тармақшасына күмән келтіріп, Қазақстанда қызмет өтеу міндеттемесімен келіспейтінін жеткізген. Ол дәлел ретінде Еңбек кодексін келтіріп, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін негізге алған.
Алайда Конституциялық Сот бұл талаптың заңды негізі бар екенін атап өтті. Мекеме мәлімдегендей, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыту үміткер мен мемлекет арасында оқу басталғанға дейін жасалатын азаматтық-құқықтық шарт негізінде жүзеге асырылады. Бұл шартта тараптар, соның ішінде түлек, оқу аяқталған соң Қазақстан аумағында қызмет атқаруға ерікті түрде міндеттеме алады.
Қызмет өтеу талабы тек қағидада ғана емес, білім беру саласындағы заңнамадан да туындайды. Сондықтан бұл норманың Конституцияға қайшы екені туралы уәждер негізсіз, – делінген Соттың ресми хабарламасында.
Осылайша, Конституциялық Сот қызмет өтеу талабын Конституцияға қайшы деп тануға ешқандай құқықтық негіз жоқ екенін нақтылады.