Қазақстанда деструктивті діни идеологияға қарсы іс-қимыл саласындағы мамандарға арналған біліктілікті арттыру курсы өтеді.
2025 жылғы 23 маусым мен 6 шілде аралығында Алматы қаласында радикалды және деструктивті діни идеологияны ұстанушылармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту курсы ұйымдастырылады.
Аталмыш курс Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрілігінің Дін істері комитеті мен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің бірлескен ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылады.
Бағдарламаның мақсаты – діни экстремизмнің алдын алу, қоғамға қауіпті радикалды идеяларға қарсы тиімді әрекет ету бойынша аймақтық мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру. Курста дінтану, психология, тарих және исламтану бағыттары қамтылады. Әрбір модуль арнайы әзірленген авторлық бағдарлама негізінде өтеді.
Оқыту үдерісіне жетекші ғалымдар мен сарапшылар тартылған. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессор-оқытушылар құрамы дәріс оқиды. Олардың қатарында ғылым докторлары, PhD докторлары мен тәжірибелі сарапшылар бар.
Курсқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен 80-ге жуық маманды тарту жоспарланып отыр. Тыңдаушылар деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтармен жұмыс істеудің ғылыми негізделген әдістерін меңгеріп, оңалту және бейімдеу саласындағы заманауи тәжірибелермен танысады.
Курс соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, қорытынды рәсім өткізіледі.
Аталған бастама еліміздегі діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету, конфессияаралық тұрақтылықты нығайту және білікті кадрлар даярлау ісіне өз үлесін қоспақ.