Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балаларға үндеу жасады.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ата-аналар мен ұстаздардың балаларға әрдайым жақын болып, көңіл бөлуі маңызды екенін мәлімдеді.
Ал, балалар, сіздерге айтарым, көмек сұраудан қорықпаңыздар! Полиция – сіздердің қорғандарыңыз! Біз сіздер қауіпсіз ортада өмір сүру үшін қызмет етеміз. Балалық шақтарыңыз қуанышқа, ал болашақтарыңыз жарқын сәттер мен мүмкіндіктерге толы болсын!, – деді ол.
Қайсар Сұлтанбаев балалардың қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі және де Ішкі істер министрлігінің басты міндеті екенін атап өтті. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда.
Ювеналды полицияның жұмысы күшейтілді. Патруль нарядтары білім ұйымдарына жақын қойылды. Әкімдіктермен бірлесіп, мектеп маңындағы жол инфрақұрылымын жақсартудамыз. Заңнама жаңа талаптарға сай пысықталуда. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жауаптылық күшейді, – деп толықтырды комитет төрағасы.
Оның айтуынша буллинг пен қудалауға қарсы құқықтық шаралар енгізілді. Сенім телефондары арқылы балалар мен ата-аналар кез келген уақытта көмек ала алады.
Бүгінде көптеген жасөспірім қоғамға қызмет ету жолын таңдауда. Мектептерде «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылып жатыр. Онда балалар жастайынан заңды меңгеріп, жауапкершілікке үйренуде. Бірқатары ерікті түрде жобаларға қатысып, тәртіптің сақталуына үлес қосуда. Бұл – нағыз патриотизмнің белгісі. Біз оларды мақтан тұтамыз. Дегенмен де ата-ананың қамқорлығы мен ұстаздың қолдауын ештеңе алмастыра алмайды. Отбасы мен мектеп – баланың алғашқы алтын ұясы, – деп түйіндеді Қайсар Сұлтанбаев.