Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ресми сапармен келген Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды қарсы алды.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін мәртебелі қонақтың сапарына орай Салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлем берді. Әрі қарай Президенттік оркестр Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Қазіргі уақытта Ақордада жоғары деңгейдегі келіссөздер жалғасуда. Кездесу барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелері қаралып, бірқатар құжаттарға қол қойылады.
Айта кетсек, БАӘ Қазақстан үшін араб әлеміндегі негізгі сауда-экономикалық әріптес саналады. Бүгінде қос тарап тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту мақсатында бірлескен шараларды қолға алып жатыр.