Үкімет басшысы инфляцияны тежеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Үкіметтің кезекті отырысында еліміздің биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
ҚР ҰЭМ басшысының мәліметінше, биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,6%-ды құрады. Негізгі трендтер бойынша есепті кезеңде нақты сектордағы тұрақты серпін, қызмет көрсету секторындағы өсудің жеделдеуі, экспорт көлемінің артуы байқалады.
Нақты сектордағы өсім 4,8%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9%-ға дейін ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Инвестициялар білім беруде 72%-ға, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда 55%-ға, ғылыми және техникалық қызметте 36%-ға, денсаулық сақтауда 28%-ға, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 20,4%-ға, саудада 14%-ға, құрылыс саласында 10,7%-ға өсті.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, биылғы мамырда жаһандық нарықтарда құбылмалылық сақталды. Әлемдік экономика геосаяси тәуекелдер мен тұрақты жоғары инфляция аясында жұмыс істеп келеді.
2022 жылғы мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде сәуірдегі 13,2%-дан 14%-ға дейін қарқын алды. Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2023 жылы инфляция ақша-кредит саясаты саласында қабылданып отырған шаралар, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған контрциклдік бюджеттік қағида аясында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды.
Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр экономиканың нақты секторының қарқынды дамуына өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Азық-түлік өнімдерін өндіру 3%-ға, сусындар өндірісі 18%-дан аса артты. Жеңіл өнеркәсіп 8%, химия өнеркәсібі 11%-ға жуық өсті. Сонымен қатар резина және пластмасса бұйымдарын шығару 11%-дан асты, мұнай өңдеу 8%-ға, жиһаз және машина жасау өнімдерін шығару 10%-ға, фармацевтика өндірісі 5%-ға ұлғайды.
«Тау-кен өнеркәсібіндегі 4% өсім табиғи газ, мұнай, көмір және металл кендерін өндіру есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы да 9%-ға жуық тұрақты өсім көрсетіп отыр. Құрылыс материалдарының өндірісі 5%-ға өсті», — деді Ә. Смайылов.
Қызмет көрсету секторында сауда 11%-ға, көлік саласында 8%-дан және байланыс 7%-дан астам өсті.
Биылғы 5 айдың қорытындысына сәйкес, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласы мен елордада барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім тіркеліп отыр.
Үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне осы жұмыс қарқынын сақтауды тапсырды. Ол үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру қажет.
Ә. Смайылов инфляция мәселесіне ерекше назар аударып, оның жеделдеуіне әсер ететін басты факторлардың бірі азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі екенін айтты. Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 14%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік инфляциясының деңгейі 19%-ға жетті.
«Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», — деді Премьер-Министр.
Осы және басқа да мәселелер шілде айында Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралады.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ