Ұлытау облысында әкімдіктер 3,7 млрд теңгені заңсыз жұмсамақ болған
Ұлытау облысының прокуратурасы жыл басынан бері жалпы көлемі 3,7 млрд теңге болатын 12 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде тиісті сараптамалар жүргізбеген, көбінде жобалық-сметалық құжаттамалар болмаған және әлеуетті жеткізушілерге тиімсіз талаптар қойылған.
Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі 1,9 млрд теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған. Бұл ретте тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған (мемлекеттік сатып алу нысанасына жатпайтын заңнаманы сақтау бөлігінде). Сонымен қатар мемлекеттік орган бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып, 3 жыл мерзімге қала жолдарын күтіп ұстау туралы келісім шарт жасасуды жоспарлаған. Алайда, мұндай жұмыстар мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асатын шарттар тізіміне кірмейді, – делінген прокуратура хабарламасында..
Басқа жағдайда, Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз жоғарылатқан.
Прокурорлардың наразылығымен заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жоғары аудиторлық палатаның отырысында Ұлытау облысында 2022-2023 жылдары бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары қаралған болатын. Жалпы аудит қорытындысы бойынша 4,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 1,7 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 7,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану, 22,8 млрд теңгеге шығындар мен жіберіп алған пайда, сондай-ақ 12 жүйелік кемшілік пен 203 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ