присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

«8 айлық сәби аштықтан көз жұмған»: павлодарлық еріктілер дабыл қақты

23 қараша 2023 11:47
«8 айлық сәби аштықтан көз жұмған»: павлодарлық еріктілер дабыл қақты

Павлодар облысының Шідерті ауылында 8 айлық сәби шетінеп кетті. Бұл туралы Vita еріктілер ұжымы хабарлады.

Ұйымның мәліметінше, бала аштықтан көз жұмған. Отбасындағы өзге балалар да қатты ашыққан. Еріктілер өңір тұрғындарын балалар үшін өмір сүруге қолайсыз отбасылар туралы хабарлауға шақырды.

Мұндай отбасыларға бейжай қарамауларыңызды сұраймыз. Балалар бейбіт күнде жауапсыз ересектердің, мемлекеттік органдардың, біздің үнсіздігіміздің кесірінен көз жұмып жатыр, - дейді еріктілер.

Сәбидің көз жұмғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады. Алайда өлімнің себебі әлі белгісіз.

Жедел жәрдем станциясы 17 қарашада Шідерті ауылында 2023 жылы туған баланың өлімін тіркеді. Сәбидің тұрақты тұрғылықты жері Павлодар қаласы деп көрсетілген. Ата-анасы Шідерті ауылында медициналық көмекке жүгінбеген, - делінген басқарма хабарламасында.

Көз жұмған сәбиге медициналық сараптама жасалды, оның нәтижесі гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзда балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша арнайы жиналыс өткізіп, 8 айлық балаға қатысты жағдай қаралды. Облыс әкімі жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру