Алматыда дизель отынын сатуға шектеу қойылады
Алматы қаласының әкімдігі қаладағы дизель отынының көлеміне және оның бағасына қатысты түсініктеме берді.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазір Алматыда 213 автожанармай құю станциясы жұмыс істейді. Қалаға жанар-жағармай үш мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі. Атап айтқанда, Шымкентте орналасқан «Петро Қазақстан Ойл продактс» мұнай өңдеу зауыты (ПКОП үлесі – 40%), Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ үлесі – 35%), Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ үлесі – 25%) дизель отыны мен бензин келеді.
Биыл 15-наурыздан бастап Шымкент мұнай өңдеу зауыты күрделі жөндеуге жабылды. Осыған байланысты Алматы қаласында дизель отынын жеткізу тоқтатылды. Осы кезеңде ПМХЗ мен АМӨЗ-ден дизель отынын жеткізу шамамен 12 мың тонна болды
Бүгінде көлемі жағынан үлкен деген автожанармай құю станциясы мен қаланың мұнай базаларында шамамен 8,8 мың тонна дизель отыны бар. Қалаға 4-5 күнде шамамен 4,7 мың тонна жеткізіледі деп күтілуде, – делінген хабарламада.
Соңғы уақытта Алматы қаласында Алматы облысының тұрғындары, сондай-ақ транзиттік көлік иелерінен дизель отынына деген сұраныс артты.
Қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отынын сатуға шектеу қойылды. Алдағы уақытта да қойылады.
Қазір Алматы қаласының әкімдігі, ҚТЖ және ЖМҚС желілерімен бірігіп тұрақты түрде дизель отынын жеткізуге байланысты мониторинг жүргізіп жатыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндіріс қайта басталғаннан кейін жағдай жақсарады деп күтілуде. Энергетика министрлігінің алдын ала ақпараты бойынша, ПКОП жөндеу жұмыстары сәуір айының бірінші онкүндігінде аяқталады.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ