присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Бір жылда 10,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

22 шілде 2024 09:57
Бір жылда 10,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2023 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда қандас мәртебесін берудің негізгі бес шартын қамтитын жаңа тәсілдер енгізілді. Бұл өзгеріс «Халықтың көші-қоны туралы» заңды іске асыру аясында енген. Оларды іске асыру шеңберінде өткен кезеңде қандас мәртебесі 10 563 этникалық қазаққа берілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қандас мәртебесі мына шарттарды ескере отырып беріледі:

қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру үшін (еңбек тапшылығы бар өңірлер);
демографиялық даму қажеттілігі туындаған даму әлеуеті бар агломерациялар мен ауылдық елдімекендердің, шағын және моноқалалардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың аумақтарында қоныстандыру үшін;
тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігімен (немесе егер өтініш беруші тұрғын үй иесі болып табылмаса, оның тұруына туыстарының нотариат куәландырған келісімін берумен) өтініш берушінің өтініш беру өңірінің аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары болып табылатын отбасымен және/немесе жақын туыстарымен (туыстығын растай отырып) қайта қосылуы үшін;
жұмыс берушілердің шақыруы бойынша бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін (алдын ала еңбек шартын қоса бере отырып) не тұрғын үй мәселелерін өз бетінше шешу мүмкіндігі бар этникалық қазақтар қатарындағы жеке кәсіпкерлер үшін;
ЖОО-ларда оқитын этникалық қазақтар үшін (оқу орнынан анықтаманы қоса берген кезде).
Министрлік дерегіне қарағанда, жаңа тәсілдер іске асырылған сәттен бастап еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныстану үшін 3 296 этникалық қазақ (1374 отбасы); агломерациялар аумақтарында және ауылдық елді мекендерде қоныстандыру үшін – 948 адам (475 отбасы); отбасымен және/немесе жақын туыстарымен қауышу үшін – 5 655 адам (2843 отбасы); бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушілердің шақыруы бойынша орын – 593 адам (295 отбасы); жоғары оқу орындарының студенттері ретінде – 71 адам (69 отбасы) қандас мәртебесін алды.

Естеріңізге сала кетейік, этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясат еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап іске асырылып келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстанға 1 137,1 мыңнан астам адам оралып, оларға қандас мәртебесі берілді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру