Биыл астаналықтар жылудан қиындық көрмейді – Энергетика министрлігі
Биыл Астанада ЖЭО-3 іске қосылып, жылу тапшылығы сезілмейді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов айтты.
Бүгін Үкімет отырысында энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы баяндалды.
Вице-министр биыл жылу маусымына дайындық қалай жүргізілгенін атап өтті.
«Жүйелік оператор бекіткен электр станцияларын жөндеу кестесіне сәйкес 2023 жылы 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 5 энергия блогында, 23 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңде жүргізіліп жатыр. 4 энергоблокта, 17 қазандықта және 13 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды», - деді Жандос Нұрмағамбетов.
Биыл жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың шақырым болатын электр желілерін, 567 қосалқы станцияны, 3,5 мың қосалқы трансформаторлық станцияларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
22,7 мың шақырым электр беру желілері мен 514 қосалқы станция, 3 466 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді, - деді министрдің орынбасары.
Жандос Нұрмағамбетов биыл елорда тұрғындары жылудан қиындық көрмейді деп сендірді.
Астанада ЖЭО-3 және қазандықтарды іске қосу-жөндеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың соңына дейін 2 қазандық пен ЖЭО-3 іске қосылады және энергия тапшылығы жойылады, - деді ол.
Вице-министр энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің көптігі әлі күнге дейін маңызды проблема екенін жеткізді. Айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі – 15 млрд 254 млн теңге.
«Манғыстау облысы МАЭК мекемесі мен тиісті жұмысты белсендірек жүргізуге тиіс. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында берешегі – 7 млрд 535 млн теңге. Энергетикалық кәсіпорындар берешегін өтеуді жеделдетуі қажет», - деді Жандос Нұрмағамбетов.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ