Бюджет кодексіне өзгерту: әкімдерге жаңа талап қойылмақ
Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның Бюджет кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда қаралды.
Жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің маңызды тұстарын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров түсіндірді.
Бюджет кодексі бюджеттік саясаттың негізі болып саналады, мемлекеттің стратегиялық міндеттерін қаржыландыруға, республикалық және жергілікті бюджеттердің жұмыс істеуіне байланысты барлық процесті реттейді. Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексі бірнеше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған, - деді министр.
Бюджет кодексіндегі маңызды міндеттер:
- Біріншіден, бұл бюджеттік процестерді жеңілдету;
- Екіншіден, блоктық бюджеттің элементтерін енгізу;
- Үшіншіден, мемлекеттік қаржыны шоғырландырылған басқару үшін заңнамалық негіз құру;
- Төртіншіден, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру;
- Бесіншіден, нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру.
Министр жергілікті бюджеттің шығысын жоспарлау сапасын арттыру бойынша заңға бірқатар норма енгізілгенін атап өтті. Осылайша, әкімдерге жаңа талап қойылмақ.
«Әкім қызметінің бір базалық құжатын – өңірді дамыту жоспарын айқындау ұсынылады. Тек даму жоспары негізінде бюджет бөлінуі керек. Оның құрамында бюджетті жоспарлау және өңірді дамыту үшін негіз болатын инвестициялық жоспар әзірленеді.
Мұндағы басты мәселе, ол барлық мемлекеттік органдарда бар деректердің негізінде елді мекендер бөлінісінде проблемалық және басым аймақтарды көрсететеді.
Бұл ақша бөлу кезінде, ақшаны қайда және неге бағыттау керек екені көрініп тұратын қолайлы құжат болады», - деді Әлібек Қуантыров.
Сондай-ақ ведомство басшысы нысаналы даму трансферттері тек аса маңызды инфрақұрылымды және республикалық маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталатынын атап өтті.
Бюджет кодексінің жаңа редакциясына сәйкес келтіру үшін барлығы 26 заңға түзету мен өзгерту енгізіледі.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ