присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Депутат Астанада су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті

16 ақпан 2023 16:02
Депутат Астанада су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті

Сенатор Нұрлан Бекенов елордада су тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты.

Бүгінде инфрақұрылымның әбден тозуы, автоматтандыру мен цифрландыру деңгейінің төмендігі, ғылыми ілгерілетудің жоғы және кадр тапшылығы – сумен жабдықтау және халықты ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі проблема болып саналады.

Нұрлан Бекенов Астананы сумен жабдықтау жалғыз көзден – Астана (Вячеслав) су қоймасы жүзеге асып жатқанына алаңдады. Оның айтуынша, нысан 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген. Алайда Астананың халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.

Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсуіне байланысты су тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурстары толық сарқылғанда, төтенше жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан Астана үшін балама су көзін салу арқылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз маңызды. Осылайша, бүгіннен бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау қажет, - деді Сенат депутаты.

Нұрлан Бекенов Нұрадағы жер асты суын игеруді және апатты жағдайда тұрған инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды ұсынды. Ол президенттің Үкіметке Бұзылық су қоймасын салу туралы ұсынысты зерделеу жөнінде берген тапсырмасын еске салды.

Депутат Бұзылық су қоймасын салу су тасқыны қаупін азайтуға, Есіл өзенінің ағынын реттеуге және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының қажеттілігі үшін су қорларын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз етуде, сондай-ақ елорданы сумен қамтамасыз етудің қосымша көзін салуды ескеріп, Нұра және Бұзылық су қоймаларында қысқа мерзімде қайта жаңғырту мен қажет жұмыстарды жүргізу, Астана қаласын сумен жабдықтаудың балама көздерін игеру жөніндегі жұмысты жүргізуді жеделдету керек, - деді сенатор.

Айта кетейік, бұған дейін 2030 жылы Астанада 2,5 млн адам тұруы мүмкін екені хабарланған.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру