присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақстан боксшылары Олимпиадаға тағы бес жолдама алды

12 наурыз 2024 11:16
Қазақстан боксшылары Олимпиадаға тағы бес жолдама алды

Бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік іріктеу турнирі өз мәресіне жетті.

Биылғы додаға елімізден 11 боксшы (6 ер, 5 әйел) қатысып, ел намысын қорғады. 11 спортшының бесеуі Олимпиадаға жолдаманы жеңіп алды.

Ерлер құрамасындағы былғары қолғап шеберлері 22 рет шаршы алаңға шығып, соның біреуінде ғана жеңілді. Өкінішке қарай, 63,5 келі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қарысласына есе жіберіп алды. Ал басқалары, атап айтқанда әлем чемпиондары – 51 келідегі Сәкен Бибосынов, 57 келі салмақтағы Махмұд Сабырхан, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов, 80 келі салмақтағы Нұрбек Оралбай мен 92 келі салмақтағы Азия чемпионы Айбек Оралбай ширек финалда қарсыластарын жеңіп, Олимпада лицензиясын иеленді.

Сәкен Бибосынов ¼ финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Киаран Макдональдты 4:0 есебімен жеңді. Ол екі раундта қарсыласынан басым түсті. Одан кейін ойда-жоқта нокдаунға түсіп қалды. Бірақ соңғы раундта қайта күшіне мініп, Макдональдтан айласын асырды.

Осылайша, Сәкен Бибосынов 51 келіде Болат Жұмаділовтен кейін екінші рет қатарынан Олимпиадаға баратын боксшы болып отыр. Еске сала кетсек, Болат Жұмаділов 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласындағы Олимпиада мен 2000 жылы Аустралияның Сидней Олимпиадасына қатысып, екеуінде де күміс жүлдегер атанған болатын. Ал Сәкен Бибосынов 2021 жылы Токио Олимпиадасына қатысып, қола медальді алып келді. Енді ол Париж Олимпиадасына қатысады.

Махмұд Сабырхан ширек финалда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асрор Вахидовты 4:1 есебімен жеңді.

Осылайша, 22 жастағы отандасымыз Олимпиаданың жолдамасын қалтасына басты. Ол 1/32 финалда Ядеса Лета Фикремариамды (Эфиопия) 5:0, 1/16 финалда 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатының күміс жүлдегері, таилдандтық Саравут Сукзетті 3:2, 1/8 финалда Паган Калеб Жосие Тирадоны (Пуэрто-Рико) 5:0, 1/4 финалда Асрор Вохидовты (Тәжікстан) 4:1 есебімен жеңді.

Еске сала кетсек, 57 келі салмақта қазақ тарихында жалғыз ғана боксшы Олимпиадада жүлде алған. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов чемпион атанған.

2004 жылы Афина Олимпиадасында Павлодар облысында туған Виталий Тайберт Германия сапында қола жүлде алды.

71 келіде әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов әзербайжан Вархан Алиевтен 5:0 есебімен басым түсіп, жолдаманы жеңіп алды. Ол 1/32 финалда фин Сэм Мороватиді екінші раундта техникалық нокаутқа жіберсе, 1/16 финалда поляк Дамиан Дуркачты 4:1 есебімен жеңді. Бұл боксшы Токио Олимпиадасына қатысқан екен.

1/8 финалда Байрамдурды Нұрмұхаммедовты (Түркіменстан) 3:2 есебімен, 1/4 финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, әзербайжан Вархан Алиевті 5:0 есебімен жеңді.

Асланбек Шымбергенов былтыр әлем чемпионы, 2022 жылы Азия чемпионы болған. Енді оған Олимпиаданың алтын медалі жетпей тұр.

Бокс турнирінде егіз спортшылар Айбек пен Нұрбек Оралбай да Олимпиадаға баратын болып шешілді. Айбек жолдаманы кеше алды. Ал әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 80 келіде шешуші айқаста Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Келин Кассидиді 4:1 есебімен жеңіп, лизенцияға ие болды.

Осы жекпе-жекте Нұрбек Оралбайдың мұрыны сынса да сағы сынбай, қарсыласын «бесінші бұрышқа» тығып сабады десе болады. Енді ол көп ұзамай төрт жылдық турнирлердің төресі Олимпиада ойындарына дайындықты бастайды.

Әйелдер боксында әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алуа Балқыбекова (50 келі) Макси Карина Клоетзерден 2:3 есебімен жеңілсе, әлем чемпионы Валентина Хальзова да ширек финалда Ұлыбритания атынан сынға түсіп жатқан Камерун тумасы Кинди Нгамбаға есе жіберді. Осылайша, екеуі де Олимпиада жолдамасынан қағылды. Енді мамыр айының соңы мен маусым айының бас кезі аралығында Таиландтың астанасы – Бангкок қаласында тағы бір әлемдік іріктеу турнирі өтеді.

Әзірше Қазақстан құрамасынан Олимпиадаға жолдаманы 51 келідегі Сәкен Бибосынов, 57 келі салмақтағы Махмұд Сабырхан, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов, 80 келі салмақтағы Нұрбек Оралбай, 92 келі салмақтағы Азия чемпионы Айбек Оралбай, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен әйелдерден 57 келі салмақта Карина Ибрагимова жеңіп алды.

Биылғы турнирге 114 елден 668 спортшы қатысты.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру