присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Қазақстан өзінің ұлттық мүддесіне сай халықаралық мәселелерді шешудің жолын іздейді - Тоқаев

20 қыркүйек 2023 10:34
Қазақстан өзінің ұлттық мүддесіне сай халықаралық мәселелерді шешудің жолын іздейді - Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына барған сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатқа қатысып, сөз сөйледі.

Ең биік халықаралық мінберде сөз алған Қазақстан президенті адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай. Өйткені мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай сауда жүйесін бұзады, экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді.

Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал. Өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді.

Осы ретте мемлекет басшысы БҰҰ Бас Асасамблеясына жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты екенін айтты. Президенттің пікірінше, диалог – жаңа принциптер мен нормалар бойынша келісімге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қолайлы орта қалыптастырудың жалғыз жолы.

Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз. Осы орайда Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды. Халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек. Сондықтан біз қазіргі жаһандық институттардың жалғыз жүйесін тұрақтандыруға барынша күш салуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді.

Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бастама көтерді. Біз сіздерді осы игі іске қосылуға шақырамыз. Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама. Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, адамзат бетпе-бет келген барлық сын-қатерлердің ішінде ядролық қаруды қолдану қаупі ең жойқыны болуы мүмкін. 30 жыл бұрын Қазақстан Кеңес өкіметінен мұраға қалған төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты.

Сондықтан ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді. Біз қарусыздану және қаруды таратпау саласы бойынша жаңа тетіктерді дамытуды қолдаймыз. 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспары қазіргі көшбасшылардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан ең маңызды үлесі болуы мүмкін, – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында дәрменсіз екенімізді көрсетіп бергеніне назар аударды. Осыған байланысты Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасына Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастау туралы үндеу тастады.

Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру