Қазақстанда «Enbek» мобильді қосымшасы іске қосылды
Енді электрондық еңбек биржасында көрсетілетін жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді смартфонға арналған қосымша арқылы алуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Enbek» мобильді қосымшасы іске қосылғанын хабарлады.
Пайдаланушылар еңбек биржасының сайтымен толық синхрондалған «Enbek» мобильді қосымшасында өздерін қызықтырған бос жұмыс орындарын қарап және жұмыс берушілерден шақырулар ала алады. Push хабарландыруларының ыңғайлы мүмкіндігі түйіндеме мен жауаптарды, сұхбатқа шақыруларды және жұмыс берушінің әңгімелесу нәтижелері бойынша шешімдерін қарау туралы ақпаратты өткізіп алмауына көмектеседі.
«Қосымша пайдаланушыға түйіндеменің қаншалықты толық толтырылғанын, жұмыс берушінің оған назар аударуы үшін тағы не қосуға болатынын айтады. Ал ізденушіні қызықтыратын сала бойынша жаңа бос жұмыс орындарын жіберіп алмау үшін іздеу параметрлерін сақтап, қолайлы бос жұмыс орындары туралы хабарлама алуға болады», деп түсіндірді «ЕРДО» АҚ Жұмыспен қамту саласындағы цифрлық қызметтер департаментінің директоры Николай Брюханов.
Сондай-ақ қосымшада жұмыссыз ретінде тіркеліп, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға болады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы қажет емес, тек мобильді азаматтар базасында тіркелу жеткілікті.
«Келешекте қосымшаның функционалдығы кеңейіп, жаңа сервистер мен қызметтер қосылады. Қосымша барлық пайдаланушылар үшін тегін және PlayMarket және AppStore дүкендерінде қолжетімді», деп қосты Николай Брюханов.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ