Қостанайда құны 100 млн теңге болатын синтетикалық есірткі тәркіленді
Қостанай облысының ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2023» жедел алдын алу шарасын өткізу кезінде синтетикалық есірткіні таратумен айналысқан екі жігітті ұстады.
Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Ахметовтің айтуынша, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жалдамалы пәтерден облыс орталығының 21 және 22 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері 4 келіден астам А-PVP есірткісін тәркіледі. Сонымен қатар электронды таразылар, 240 шағын магнит, электр таспасы, фольга және есірткіні орауға арналған басқа да құрылғылар табылды.
Көлеңкелі нарықта аса ірі мөлшерде алынған синтетикалық есірткі партиясының құны – шамамен 100 млн теңге. Бұл партияда 15 мыңнан астам доза бар.
Қазір күдіктілер қамауға алынды. Полиция ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген полиция хабарламасында.
Баптың санкциясы аясында қылмыс жасаған адамның мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетсек, жыл басынан бері Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері заңсыз айналымнан 328 келі түрлі есірткі заттарын тәркіледі.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ