Күрестен ӘЧ: Қазақстан құрамасы жарысты бастады
Түркияның Ыстанбұл қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты (U17) басталып, екі күн бойы грек-рим күресі балуандары өзара мықтыны анықтады.
Күрес түрлері федерациясының хабарлауынша, Қазақстан құрама сапынан екі балуанымыз жұбаныш белдесуіне жолдама алған болатын. Өкінішке қарай, екеуі де ұтылып, қола жүлдеге таласа алмады. Атап айтар болсақ, 65 келідегі Әлібек Тұрлығазы жұбаныш белдесуінде алдымен болгар балуанын 10:0 есебімен ұтқанмен, келесі белдесуінде үнді Кумар Сачинге есе жіберіп алды. 110 келідегі Бекжан Исмағұлов жұбаныш белдесуінде египеттік Мохамад Ахмедтен ұтылды.
Жарыстын екінші күні үш балуанымыз жұбаныш белдесулеріне жолдама алды. Алдымен 60 келідегі Ердәулет Ләсім қырғыз Бекжан Есенбекпен жолықса, 71 келідегі Диас Сейітқалиев молдован және кәріс балуандарының жеңгенімен сынға түседі. 92 келідегі Максим Украинцев мексикалық Эммануэль Трейомен күш сынасады.
Биылғы әлем чемпионатына бейтарап ел ретінде Ресей құрамасы қатысып жатыр. Әзірше осы елдің балуандары 1 алтын, 1 күміс және 1 қоламен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші болып 1 алтын, 1 қола медальмен Иран құрамасы келеді. Үздік үштікте әрқайсысы 1 алтын жүлдеге ие болған АҚШ, Түркия және Жапония командалары қатар тұр. Үндістан спортшыларында 2 күміс 1 қола бар. Одан кейінгі орынға 1 күміс, 2 қола жүлдені алып үлгерген Өзбекстан мен 1 күміс, 1 қоласы бар Әзербайжан құрамалары жайғасты. Армения командасы 2 қола жүлдені иеленді. Қырғызстан мен әлем чемпионатына бейтарап ел ретінде қатысып жатқан Беларусь елінде 1 қола жүлде бар.
Бүгін грек-рим күресінен 45, 51, 60, 71 және 92 келіде жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері белгілі болса, әйелдер күресінен 43, 49, 57, 65 және 73 келіде алдын-ала белдесулер өтеді.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ