Мемлекетке 773 млн теңге көлемінде залал келтірген кәсіпкерлер сотталды
Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан кәсіпкер мен оның сыбайластарына қатысты іс қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы таныстарымен алдын ала сөз байласып, 2020-2022 жылдар кезеңінде жұмыстарды нақты орындамай әрі қызметтерді көрсетпей, сондай-ақ тауарларды жөнелтпестен өзінің бақылауындағы 7 кәсіпорынның атынан шот-фактураларды жазып беруді ұйымдастырған. Бұл ретте мемлекетке салық түрінде төленбеген 773 млн теңгеден аса ірі залал келтірілді. Бұған қоса, сотталушы қылмысты ұйымдастырушы ретінде өзінің бақылауындағы кәсіпорындар арқылы жалған шот-фактураларды жазып қана қоймай, осындай қызметтерге мұқтаж контрагенттерді іздеген және олармен мәміле шарттарын талқылаған.
Оның көмекшісі бұрын мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері болғанындықтан, ұйымдастырушыға осы кәсіпорындарды тіркеуге және таратуға көмек көрсетіп, салық бойынша кеңес берген. Қалған сыбайластары ұйымдастырушының өтініші бойынша өз таныстарының, сондай-ақ кездейсоқ адамдардың атына бақылаудағы кәсіпорындарды ашқан. Ал олардың біреуі осы кәсіпорындардың шоттарына түсетін ақшаны қолма-қол ақшаға ауыстырумен айналысқан.
Сотталғандардың кінәсі куәлердың айғақтарымен, арнайы жедел іс-шаралардың, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, келтірілген залалдың мөлшері көрсетілген сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.
Ұйымдастырушы мен оның сыбайластары ҚР ҚК 216-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен сотталушыға ұйымдастырушы ретінде коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды.
Оның көмекшілері коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Олардың бақылауындағы кәсіпорындардың шоттарында болған 15,5 млн теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ