Мемлекеттік балабақшалар қашан 100% қазақша болады – министрлік өкілінің жауабы
Еліміздегі балабақшалардың 69%-ы мемлекеттік тілде білім береді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Брифингте журналистер министрлік өкілінен «бұған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазақ балабақшаларын көбейтеміз, мемлекеттік балабақшалар мемлекеттік тілде тәрбие берумен айналысады деп айтты. Осы бағытта жұмыс қалай жүріп жатыр? Мемлекеттік балабақшаға барған бала қашаннан бастап толық 100% мемлекеттік тілде білім алады?» деп сұрады.
Балабақшалардың 69%-ы мемлекеттік тілде тәрбиелеп, білім береді. 2 жыл бұрын мемлекеттік тілде тәрбиеленетін балалардың үлесі 65% болған. Сондықтан қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022-2023 оқу жылында қабылданған негізгі нормативті құжаттардың негізінде бағдарламаға қосымша сөздік әзірленген. Бұл сөздікті педагогтердің, балабақшадағы барлық қызметкердің баламен сөйлескен кезде қолдануы арқылы баланың сөздік қорын қалыптастыруға бағытталған, - деді Манара Адамова.
Айтуынша, жаңадан ашылып жатқан балабақшалардағы топтардың барлығының қазақ тілінде тәрбие алуына назар аударылып отыр.
100% (қазақ тілінде) дегеннің артында әрбір баланың тағдыры мен әрбір ата-ананың сұранысы бар. Ол бір күнде іске асырылмайды. Келешекте ата-аналардың тарапынан қай тілде баласына тәрбие беру қажет деген сұранысына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. 100%-ға жететін уақыт та келеді. Алдағы 3 жыл, 5 жыл бола ма – барлығы уақыттың еншісінде. Қоғамның дайындығы, ата-аналардың дайындығына байланысты. Себебі қазір басқа тілде тәрбиелейтін балабақшаға барып жатқан балаға да, ата-анаға да психологиялық стресс болады. Ол бүгін жауып тастайтын нәрсе емес. Бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асады, - деді Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры.
Айта кетейік, республика бойынша 11 320 мектепке дейінгі ұйым бар. Жыл басынан бері 29 620 балаға арналған 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды.
Авторизация
Тіркеу
Әзірге ешкім пікір білдірген жоқ