присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Мемлекеттік қызметшілер коммуникативтік дағдыларын дамытуда

15 мамыр 2023 21:46
Мемлекеттік қызметшілер коммуникативтік дағдыларын дамытуда

Бүгін мемлекеттік қызметшілердің қоғаммен байланысын жақсарту мақсатында «Көпшілік алдында сөйлеу. БАҚ-пен өзара әрекеттесу» семинары басталды. 

Шара Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатыр. 

Жобаның негізгі мақсаты – халықпен тиімді кері байланыс орнататын, мемлекеттік саясат пен мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты  жеткізетін салалық спикерлер пулын құру. 

«Біздің алдымызда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру мақсаты тұр. Ашықтық принципіне негізделген жаңа басқару мәдениетіне сәйкес, халыққа ағымдағы және жоспарланып отырған өзгерістерді, мемлекеттік органның жұмысына қатысты ақпаратты жан-жақты жеткізіп, түсіндіре алатын салалық спикерлерді дайындау маңызды», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.  

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі мемлекеттік органдардың баспасөз хатшысы дағдарыс жағдайында ақпаратты алдымен қазақ тілінде жеткізудің аса маңызды екенін атап өтті. 

«Қазіргідей ақпарат жылдам тарайтын заманда коммуникацияның маңызы өте зор. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүргізу үшін кез келген мемлекеттік құрылым ашық, шынайы болуы керек. Мекемеге қатысты кез келген сұраққа жауап беретін өкілді немесе баспасөз хатшысын даярлау маңызды. Дағдарыс туындаған жағдайда ақпарат алдымен қазақ тілінде жазылып, таратылуы керек.  Бұл жағдайда салаға жауапты мемлекеттік қызметкер коммуникативтік дағдылары дамыған және қазақ тілін жетік меңгерген маман болуы тиіс.  Қазіргі таңда баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруға бағытталған әдістемелік кітаптарды дайындап, шығарып жатырмыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті құрылымдарға, мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсетуге дайын», – деді Дархан Қыдырәлі.  

Семинарға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан келген 40-тан астам маман қатысып жатыр. Шараның ашылу салтанатына республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты. Үш күндік оқыту курсын ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тренерлері «ABCommunications» директоры Бахыт Аманжолқызы, «TANBA» PR агенттігінің директоры Ақсұлу Саңғали,«Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Армангүл Тоқтамұрат және Альбина Әшім жүргізеді.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру