присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Президент Мәулен Әшімбаевты қабылдады

05 наурыз 2024 12:35
Президент Мәулен Әшімбаевты қабылдады

Мемлекет басшысы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады.

Президентке Парламент Сенатының реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарының өткен айлардағы қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мемлекет басшысының елімізді және өңірлерді дамытуға бағытталған тапсырмаларының іске асырылуы Сенат үшін негізгі басымдық саналады.

Қазір әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, трансферттік баға белгілеу, халықтың көші-қоны, байланыс және цифрландыру, ғылым және білім мәселелеріне қатысты заңдар сенаторлардың қарауында жатыр. Ал сенаторлар ғылым, сот жүйесін реформалау, органикалық өнімдердің айналымы, қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру және жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау жөніндегі 10 заң жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды.

Биыл Бюджет, Құрылыс, Су, Салық және Цифрлық кодекстерін, сондай-ақ «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Масс-медиа туралы» және «Жылу энергетикасы» туралы заң жобаларын қарау жоспарланып отыр.

Сенат төрағасы мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның жұмысын баяндады.

Бұған қоса, президентке Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының қызметі таныстырылды. Қазір Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.

Спикер Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенаттың мәслихат депутаттарымен арадағы жұмысы жандана түскенін айтты. Бұл іске «Өңір» депутаттық тобы мен Сенат жанындағы жергілікті уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасасу жөніндегі кеңес белсенді атсалысып жатыр.

Биыл еліміздегі мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай сәуірде халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.

Кездесу соңында президент елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қолдаудың рөлі зор екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың дамуына барынша көмек көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты деп санайды. Оның пікірінше, бұл іске жергілікті уәкілетті органдардың депутаттарын кеңінен тарту қажет.

 
0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру