присылайте свои новости
нам
+7 (701) 024 33 00

Роман Скляр 9-20-25 бағдарламасы наурыздан бастап іске қосылатынын айтты

07 ақпан 2024 12:12
Роман Скляр 9-20-25 бағдарламасы наурыздан бастап іске қосылатынын айтты

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр биыл 1 наурыздан бастап «9-20-25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылатынын айтты.

«9-20-25» бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама республика бюджеті және «Отбасы банк» есебінен қаржыландырылады. Сондықтан Әлихан Асханұлы (бұрынғы премьер-министр) айтқан мәселе пысықталды. Ол белгіленген мерзімде іске асырылады», - деді Роман Скляр Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін.

Журналист «Демек, бағдарлама 1 наурыздан бастап іске қосылады деп ойлайсыз ба?» деп сұрағын нақтылады. Роман Скляр журналистің сауалына басын изеп, жаңа ипотекалық бағдарлама наурыздан бастап іске қосылатынын үнсіз растады.

Еске салайық, 2018 жылы іс қосылған «7-20-25» бағдарламасы 2023 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрды. 2023 жылы да жалғасты, алайда ипотека беруге бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, бағдарлама бойынша жылына 100 млрд теңге ғана бөлініп, ол 12 айға бөлінді. Содан кейін ипотека рәсімдеуге қатысты мәселе туындай бастады.

Былтыр бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов 2024 жылы «9-20-25» жаңа ипотекасының іске қосылатынын хабарлады. Сондай-ақ экс-премьер жаңа бағдарламаны іске қосу үшін бюджеттен қаражат бөлінбейтінін айтқан.

«Жаңа ипотеканы жүзеге асыру үшін жыл сайын 150 миллиард теңге қаражат керек. Бағдарламаны іске қосуға нарықтан 100 миллиард теңге, «Отбасы банктің» таза табысынан 50 миллиард теңге бөлуіміз қажет болып отыр. 9 пайыздық мөлшерлемеге шығу үшін осылай қаржыландырудың екі көзін қарастыруға тиіспіз», - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін хабарланғандай, жаңа бағдарлама аясында жыл сайын 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге болады. Қазір жаңа бағдарламаны «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі бірлесе әзірлеп жатыр. Аты айтып тұрғандай, бағдарламада 20 пайыз бастапқы жарна салып, 9 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін баспана несиесін рәсімдеуге болады.

0 Пікірлерді көрсету Пікірлерді жасыру